Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қалай азайтуға болады: Алматыда өткен Tamyr Education Forum қорытындысы
Сапалы білімнің қала мен ауыл балаларына бірдей қолжетімді болуы үшін не қажет? Tamyr Education Forum 2026 қатысушылары осы сұрақтың жауабын қарастырды. 27 қазанда мектеп, бизнес, мемлекет және коммерциялық емес сектор өкілдері пікір алмасып, білім берудің теңсіздігін азайтуға бағытталған практикалық шешімдер картасын әзірледі.
Форумды EA Group Holding корпоративтік қорының құрамындағы EA Charity Fund Teach for Qazaqstan және Narxoz Business School қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шара білім беру жобаларына арналған гранттық байқаудың қорытынды кезеңі болды. Байқау аясында төрт бастама қаржылай қолдауға ие болады.
Форумға кімдер қатысты?
Қатысушылар Қарағанды және Абай облыстарынан, сондай-ақ, Алматы мен Астана қалаларынан келді. Олардың көбісі шалғайдағы мектептерде сабақ береді, кейбірі ауылда туып-өскен. Teach for Qazaqstan ұйымының тең құрылтайшысы Гүлнара Салмен ауыл мектебінде оқыған адамдардан орындарынан тұруды сұрағанда, залда отырғандардың үштен екісі орнынан көтерілді.
«Ірі қалалардан тыс жерлерде балалардың қалай білім алатыны еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта білім алудағы алшақтықты азайтуымыз керек. Ауыл мұғалімдері өздерін назардан тыс қалғандай сезінбеуі тиіс», – дейді EA Charity Fund директоры Айдар Бөрібаев.
Форум қалай өтті?
Форум интерактивті форматта ұйымдастырылды. Басым бөлігінде қатысушылар әдеттегідей спикерлер мен тыңдаушыларға бөлінбей, оның орнына модераторлардың жетекшілігімен топтарға бөлініп жұмыс істеді. Олар модераторлармен бірге мектепте қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыру, әртүрлі білім беру жағдайларын ескеретін стандарттарды әзірлеу, сондай-ақ, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар мен мектептер арасындағы серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Қатысушылар қандай шешімдер ұсынды?
Форумның қорытындысы бойынша ұсыныстар төрт бағытқа бөлінген ортақ картаға біріктірілді: бала, мектеп және орта, серіктестер, жүйе. Олардың қатарында мұғалімдердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіндегі олқылықтарды анықтау және мектептердегі әдістемелік жұмысты жетілдіру мәселелері бар.
«Меніңше, ең алдымен мектеп, үкіметтік емес ұйым және бизнес бір үстел басына жиналып, өзара танысып, мақсаттар, міндеттер мен мерзімдер сияқты ортақ жағдаймен танысуы керек. Кейде жоба жақсы басталады, бірақ мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары оның басталғанынан хабарсыз болады, мектепті қай бизнес өкілі қаржыландырып отырғаны белгісіз, ал бизнес ҮЕҰ қамтамасыз ете алмаған балаларды қамту көрсеткішін күтеді», – деп атап өтті әлеуметтік-эмоциялық оқыту жөніндегі сарапшы, Bridges and Feelings платформасының тең құрылтайшысы Құралай Жарқымбаева.
Мұндай серіктестіктің бір мысалы – Абай облысы Ақсуат ауданындағы ауыл мектебі. Мектеп директоры Астанадан осы ауылдан шыққан батырдың ұрпақтарын тауып, олардың арғы атасының есімін мектепке беру туралы ұсыныс жасаған. Ал ол әулет мектепке қолдау көрсетуге келіседі. Нәтижесінде отбасы теннис корты бар спорт инфрақұрылымының құрылысын қаржыландырды. Құралайдың айтуынша, бұл тәжірибе жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, тиімді пайдалана білудің маңызын көрсетеді.
Сонымен қатар мұндай бастаманы барлық мектеп басшыларынан талап ету үшін алдымен қажет жағдай жасау керек. Адамдарды оқыту, ресурстар бөлу және бизнес пен меценаттармен ынтымақтастықты жүйелі жұмысқа айналдыру қажет.
Форум қатысушыларының пікірі
Қатысушылардың қатарында Қарағанды облысы Абай қаласындағы ең ескі мектепті басқаратын Людмила Гурова да болды. Ол осы мектепте 34 жыл еңбек етіп, бастауыш сынып мұғалімінен директор қызметіне дейін өскен. Басшылық қызметте жүргеніне үш жыл болған маман үшін мұндай кездесулер өз білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз болған жағдайда әріптестерінен кеңес алуға мүмкіндік береді.
«Мен жас мамандардың кәсіби дайындығының жеткіліксіздігі мәселесін көтердім. Жағдайды бірге талдай бастағанда, бұл мәселені мектеп деңгейінде-ақ шешуге болатынын түсіндім. Кейде адамға қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беру жеткілікті. Сонда ол әрі қарай өздігінен дамуға қадам жасайды», – деп бөлісті Людмила.
Алдағы жоспарлар
Келесі қадам – ұсынылған картадағы идеяларды пысықтап, олардың қайсысын іс жүзінде жүзеге асыруға болатынын анықтау.
«Біз білім беру теңсіздігімен күн сайын тәжірибе жүзінде бетпе-бет келеміз. Бизнес, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың көзқарасы бұл мәселені басқа қырынан көруге көмектеседі. Форумда әзірленген ұсыныстарды жұмысымызға енгізгіміз келеді. Ең алдымен, мұғалімдер мен мектептердің басқарушы командаларын даярлау бағытында қолға аламыз», – деді Teach for Qazaqstan ұйымының даму жөніндегі директоры Ақерке Сапуанова.
Компаниялар туралы
Tamyr Platform – білім беру және мәдени бастамаларды қолдауға бағытталған платформа. 2025 жылы EA Group Holding инвестициялық холдингі мен EA Charity Fund корпоративтік қорының бастамасымен құрылған.
EA Charity Fund – EA Group Holding корпоративтік қайырымдылық қоры. 2024 жылғы қарашада құрылған. Қор Қазақстандағы білім беру және мәдениет салаларын қолдауға маманданған.
Teach for Qazaqstan (TFQ) – Қазақстандағы балалардың сапалы білімге тең қол жеткізуіне ықпал ететін коммерциялық емес қоғамдық қор.
Narxoz Business School (NBS) – Қазақстандағы жетекші бизнес-мектептердің бірі. Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша бизнес-білім беру бағдарламаларын ұсынады.