10.12.2025

Бастамалар

«Семей» футзал клубы инвестициялық актив ретінде нығайып келеді: УЕФА Футзал Чемпиондар лигасының 1/4 финалы және Red Bull-мен серіктестік

«Семей» футзал клубы дамудың жаңа кезеңіне өтіп, EA Group компаниясының Орталық Азиядағы спорт әрі инвестиция ландшафтындағы позициясын күшейтіп келеді. Желтоқсан айында клуб УЕФА Футзал Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алды.

5 желтоқсанда Гливице қаласында (Польша) өткен 1/8 финалдың қарымта ойынында «Семей» жергілікті «Пяст» клубын 3:5 есебімен жеңіп, алғашқы кездесудегі 3:3 тең ойыннан кейін келесі кезеңге өтті. Команда екінші таймда ойын барысын түбегейлі өзгерте алды. Қазақстан тарихында алғаш рет бұл кезеңде екі футзал клубы — «Семей» мен «Қайрат» — қатар ойнап жатыр.

Ширек финалда «Семей» Францияның «Этуаль» (Лаваль) клубымен кездеседі: алғашқы матч 2026 жылғы 23 ақпанда Францияда, ал қарымта ойын 6 наурызда Семей қаласында өтеді. Билет сатылымы басталып кетті.

Клуб ішкі жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Қазір «Семей» футзалдан Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде бірінші орында тұр. Сондай-қа, команда Қазақстан кубогының ширек финалында өнер көрсетіп жатыр. Жартылай финал мен финал ойындары 27–28 желтоқсанда өтеді.

«Мұндай нәтиже стратегиялық серіктестіктерге жол ашып, коммерциялық базаны кеңейтуге мүмкіндік береді. Футзалға да, “Семей” клубына да қызығушылық артқанын байқап отырмыз», — деді «Семей» ФК-ның даму жөніндегі кеңесшісі Арсен Булеков.

2025 жылғы желтоқсанда «Семей» футзал клубы әлемдік деңгейдегі командаларды ондаған жылдар бойы қолдап келе жатқан Red Bull брендімен серіктестік орнатты. Компанияның портфелінде RB Leipzig, Red Bull Salzburg клубтары мен Формула-1 жобалары бар. Бұл — Қазақстанда футзалға көрсетілген алғашқы осындай қолдау. Серіктестік бір жыл мерзімге жасалып, ары қарай ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Клуб аудиториямен өзара байланысты күшейтуге, контентті дамытуға және match day тәжірибесін жақсартуға басымдық беріп отыр. Инвесторлар «Семей» клубына толыққанды портфель компания ретінде қарайды. Мәселен, инвесторлар коммерциялық стратегияны әзірлеу үшін Еуропаның спорт клубтарына стратегия әзірлеген халықаралық консалтиң агенттігін тартты.

Спорт жетістіктері түрлі брендтермен серіктестік орнатуға және аудиторияның өсуіне жол ашып, демеушілік, мерчандайзиң мен халықаралық экспозиция арқылы монетизацияға шығудың негізін қалыптастырып отыр.