Инклюзия, технологиялар және аналар бастамалары: әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған алғашқы акселератордың қорытындысы
Қазақстан мен Қырғызстанның он жобасы өздерін дамытуға арналған 10 миллион теңгеге дейінгі грантқа ие болды. Орталық Азиядағы алғашқы Tamyr Platform әлеуметтік кәсіпкерлік акселераторының жеңімпаздары Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан түскен 549 өтінімнің арасынан таңдалған. Өтінімдердің 80 пайызы – идея күйіндегі жобалар емес, даму кезеңіндегі дайын әлеуметтік бизнес немесе бизнес-модельді тестілеу барысындағы жобалар болды, ал бұл өңіріміздегі әлеуметтік кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетеді.
Барлық өтінімнің арасынан эксперт-әділқазылар акселераторға қатысу үшін экологиялық және мәдени хабтардан бастап жоғары технологиялы АІ-шешімдерге дейінгі 26 жобаны іріктеп алды. Бағдарлама 2-8 қазан күндері аралығында өтіп, қатысушылар идеяларды тестілеу әдістері қалай жұмыс істейтінін, жобаның негізін қалаушылардың эмоциялық тұрақтылығы қаншалықты маңызды екенін, қаржылық модельді қалай құрып, бюджетті жоспарлауды, әлеуметтік жобадан стартапқа дейінгі дамуды үйренді.
Мол тәжірибесі бар спикерлер өздерінің қазіргі бизнес-кейстері туралы айтып, нақты кеңестерін бөлісті: John Galt бизнес-акселераторының жетекшісі Айсалқын Таласбекова, agile-коуч және сервис-дизайнер Жанна Прашкевич, IDEA Central Asia атқарушы директоры Айзат Русланова, EAGROUP инвестициялық серіктесі Ғани Қасымов, Батырхан Шөкенов атындағы Қоғамдық қордың директоры Наргиз Шөкенова және басқалар.
«Маған акселераторға іріктелген жобаның барлығы ұнады және олардың арасынан жеңімпазын таңдап алу оңай болған жоқ. Айналасындағы жандардың өмірін, қоғамды жақсартуға шама-шарқы келгенше ұмтылатын белсенді әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау көрсету – мен үшін үлкен құрмет. Бүгінде грант алғандардың барлығына және болашақта өтінім беретіндерге тоқтап қалмаңыздар деп кеңес берер едім. Сіздердің ұмытылыстарыңыз, табандылықтарыңыз және жанашырлықтарыңыз жарқын болашаққа жол ашады», – деді акселерация бағдарламасының соңында EA Group инвестициялық холдингінің СЕО Ерік Аубакиров.
Акселератор әлеуметтік кәсіпкерлердің дамуына мүмкіндік беріп қана қоймай, кәсіпкерлерді қандай мәселелер мазалайтынын, олардың қандай шешімдер іздейтінін, жалпы, әлеуметтік бастамалардың қалай өзгергені сияқты маңызды үрдістерді көрсетіп берді.
«Орталық Азиядан түскен 549 өтінім әлеуметтік кәсіпкерлер қоғамдастығының жылдам дамып келе жатқанын көрсетеді. Осындай қызығушылықтың нәтижесінде бұл саладағы қажеттілікті көре аламыз. Әсіресе, қатысушылардың көбісінің өздеріне тікелей қатысты тақырыптарды көтергені көңілге үміт сыйлайды. Осындай жеке тәжірибелер жобаларға жан бітіріп, олар аудиториясына түсінікті бола түседі. Соның нәтижесінде тұрақты дамып, тек әлеуметтік бастама ретінде ғана емес, бизнес ретінде де сәтті дамуға мүмкіндік мол», – дейді EA Charity Ғund директоры Айдар Бөрібаев.
• Қайырымдылыққа тәуелділіктен қаржылық тұрақтылыққа жету: қатысушылардың басты қажеттілігі қаржылық тұрақтылық болды, олар жобаларын кіріс көзіне айналдыруды қалайды.
• Технологияларды белсенді қолдану: күн өткен сайын әлеуметтік жобалардың көбісі ЖИ мен чат-боттан бастап онлайн-платформалар мен мобильді қосымшаларға дейінгі технологиялық шешімдерді қарастыруда.
• Тематикалық бағыттар: өтінімдердің көбісі мүмкіндігі шектеулі жандар, аналар, балалар мен жастар сияқты инклюзия саласына, осал топтарға қатысты болды. Екінші орында – экожобалар: қайта өңдеу, саналы тұтыну, zero waste. Сонымен қатар, көптеген жоба балалар мен жастарға – EdTech, кәсіби бағыт, STEAM/роботтехника, жеткіншектерге арналған кәсіпкерлік білім, балалар мен жастарға арналған платформалар (MetaBilim, GreenAr Academy, ауылдардағы роботтехника); аналарды, кәсіпкер-әйелдерді, әйелдерді жұмыспен қамтуға қатысты болды (Mama Space, аналарды, әйелдер медиасын қолдау жобалары).
Tamyr Platform – Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған алғашқы акселератор, оны 2025 жылы EA Group инвестициялық холдингі мен EA Charity корпоративтік қоры әлеуметтік бастамаларды қолдау үшін құрды.