09.09.2025

Бастамалар

Tamyr Platform акселераторына Орталық Азияның әлеуметтік кәсіпкерлерінен 549 өтінім түсті

Орталық Азияның әлеуметтік кәсіпкерлеріне арналған Tamyr Platform акселераторына өтінім қабылдау 1 қыркүйекте аяқталды. 21 шілдеде жарияланған ашық опен-коллға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан барлығы 549 өтінім келіп түсті.

Қатысушыларды іріктеу кезеңі 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Резиденцияға 20–25 адам қабылданып, олар өз идеяcын сарапшылардың қолдауымен әлеуметтік жобаға айналдыра алады.

Tamyr Platform 2025 акселерациясы 1–7 қазан аралығында Алматыда офлайн форматта өтеді. Қатысушылар жобасын іске қосу мен кеңейтуді үйренеді, бизнес-модельмен жұмыс істейді, жеке консультация алып, нетуоркиң жасайды. Акселерацияның барлық кезеңі тегін. Резиденттердің жолақысы мен жатын орын шығынын EA Charity Fund қоры өтейді.

Кәсіпкерлер резиденциядан кейін 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейінгі сомада грант алу мүмкіндігіне ие болады. Грант командалардың Эксперттер кеңесінің алдында жобасын қорғағаннан кейін соның нәтижесіне қарай беріледі.

Tamyr Platform және EA Charity Fund – EA Group Holding компаниясының әлеуметтік инвестициялар бойынша бағыты.